Испаниялық маман Андони Ираола "Ливерпуль" клубымен келісімшартқа қол қойып, ағылшын командасының жаңа бас бапкері атанды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұл туралы танымал журналист әрі инсайдер Фабрицио Романо мәлімдеді. Дереккөздің мәліметінше, келісім толық расталған, ал ресми хабарлама жақын арада жарияланады.
Бұған дейін испаниялық маманның екі жылдық келісімшартқа қол қоятыны хабарланған болатын.
43 жастағы Ираоланың соңғы жұмыс орны "Борнмут" болды. Ол қазіргі маусым аяқталған соң клубтан кетті. Испаниялық бапкердің жетекшілігімен "шиелер" Англия чемпионатында 57 ұпай жинап, турнирлік кестеде алтыншы орынға тұрақтады. Нәтижесінде команда келесі маусымда УЕФА Еуропа лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды.
30 мамыр күні "Ливерпуль" бас бапкер Арне Слоттың қызметінен кеткенін ресми түрде жариялаған еді. Нидерландтық маман клубты 2024 жылдың мамыр айынан бері жаттықтырды.
Өткен маусымның қорытындысы бойынша "Ливерпуль" 60 ұпаймен бесінші орын алып, Чемпиондар лигасына жолдама жеңіп алды.