Англияның "Ливерпуль" клубы УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің төртінші тур матчында мадридтік "Реалды" ұтып кетті, деп хабарлайды Vesti.kz.
Кездесу Ливерпуль қаласындағы "Энфилд" стадионында өтті және алаң иелерінің пайдасына 1:0 есебімен аяқталды. Ойынның 61-минутында мерсисайдтықтардың жартылай қорғаушысы Алексис Макаллистер жалғыз голдың авторы атанды.
Осылайша, "Реал" Чемпиондар лигасының жаңа маусымында алғаш рет ұпай жоғалтты - бұған дейін мадридтіктер үш кездесу қатарынан жеңіске жеткен болатын. Ал "Ливерпуль" төрт ойынның үшеуінде жеңіске жетіп, енді екі клуб та 9 ұпай жинап, жалпы турнир кестесінің алғашқы алтылығында орналасқан.
Сонымен қатар, "Ливерпуль" "Реалдың" жеңісті сериясын үзіп отыр. Бұған дейін Хаби Алонсоның шәкірттері алты матч қатарынан ұтып, жалпы есеп бойынша 16:2 нәтижесін көрсеткен еді.