"Барселона" клубының және Польша ұлттық құрамасының шабуылшысы Роберт Левандовски 2026 жылдың жазында каталониялық клубтан кетуі мүмкін, деп хабарлайды Vesti.kz.
BBC мәліметінше, 37 жастағы шабуылшы карьерасын АҚШ-та жалғастыруы ықтимал. Оған MLS лигасындағы "Чикаго Файр" клубы қызығушылық танытып отыр.
Тараптар болашақ трансферге қатысты оң келіссөздер жүргізген, ал футболшының айлығы кедергі жасамайтындай деңгейде болмақ. Оның үстіне Левандовскидің өзі де MLS-ке ауысуға қарсы емес екен.
Бұған дейін польшалық шабуылшыға Лионель Месси өнер көрсететін "Интер Майами" де қызығушылық білдірген, бірақ, клуб Робертпен келіссөз жүргізе алмайды. Себебі "Чикаго Файр" Левандовскиді өзінің "болашағы бар ойыншылар тізіміне" енгізген, бұл ереже бойынша лигадағы басқа клубтар оны өтемақы төлемей сатып ала алмайды.
Айта кетейік, биыл Неймар мен Кевин де Брюйнені де өз қатарына қосуды көздеген "Чикаго Файр" Левандовскиді басты трансферлік мақсат ретінде қарастырып отыр. Бұл - стратегиялық қадам, себебі Чикагода АҚШ-тағы ең ірі поляк диаспорасы тұрады.
Роберт Левандовски 2022 жылы "Барселонаға" ауысқалы бері 164 матчта 109 гол соғып, екі рет Ла Лига чемпионы атанды. Оның каталондықтармен келісімшарты 2026 жылдың жазында аяқталады.
Ағымдағы маусымда Левандовски 17 матчта 8 гол соқты. Қазіргі таңда "Барселона" Ла Лиганың турнирлік кестесінде көш бастап, мадридтік «Реалдан» 4 ұпайға алда келеді.