Каталониялық "Барселона" мен Испания құрамасының жарқырап келе жатқан жас жұлдызы Ламин Ямаль футбол тарихындағы ең үздік ойыншы туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Қытайда өткен жарнамалық іс-шара барысында 17 жастағы вингер каталондықтардың аңызына айналған аргентиналық шабуылшы Лионель Мессиге тәнті болғанын айтты.
"Мен үшін Месси - футбол тарихындағы ең үздік ойыншы. Оның алаңдағы әрекеттері, ойынының әрбір қыры маған ұнайтын. Бұл расымен де ерекше әсерлі еді", - деп береді Ямальдің сөзін Mundo Deportivo.
Еске салайық, Месси "Барселона" жүйесінде 2000 жылдан 2021 жылға дейін ойнады. Аргентиналық шабуылшы каталондықтармен он рет Испания чемпионы атанды, жеті рет ел Кубогін және сегіз рет Суперкубокті жеңіп алды. Сонымен қатар, Месси төрт мәрте Чемпиондар лигасын және үш рет УЕФА Суперкубогін иеленді.
2023 жылдың жазынан бері Месси АҚШ-тың "Интер Майами" клубында өнер көрсетіп жүр. Бұған дейін ол екі маусым Францияның "Пари Сен-Жермен" командасында ойнаған еді.
Ямаль да "Барселона" академиясының түлегі. 2024/25 маусымында ол 62 матчқа қатысып, 21 гол соқты және 26 нәтижелі пас берді. Осы уақытқа дейін Ямаль командамен Испания чемпионатын, ел Кубогін және Суперкубокті жеңіп алды.