"Қызметімнен қуыла жаздадым". МЮ бапкері чемпиондық жайлы сауалға жауап берді

20 қыркүйек 2021 14:00
©reuters

"Манчестер Юнайтед" бас бапкері Уле Гуннар Сульшер "Вэст Хэммен" өткен матчтан кейін журналистер сауалына жауап берді, деп жазады Vesti.kz тілшісі.

5-ші турда "қызыл сойқандар" қонақта жеңіске жетті. Осылайша, МЮ турнир кестесінде 13 ұпаймен көшбасшылар қатарында келеді. Атап айтқанда, "Ливерпуль", "Челси" және "МЮ" клубтары 13 ұпаймен алғашқы үш орынға жайғасқан. Ойыннан кейін ағылшын тілшілерінің бірі норвегиялық бапкерден чемпиондық жайлы сауал қойды. Өз кезегінде Сульшер ол туралы әлі ерте екендігін жеткізді.

"Чемпиондық жайлы сөз қозғау әлі ерте. Футбол маусымы енді басталып жатқандықтан, алдағы уақытта не боларын айту қиын. Оның үстіне жуырда қызметімнен қуыла жаздадым. "Манчестер" секілді үлкен клубта жұмыс істегендіктен, кез-келген жағдайға дайын болу керексің. Бұл сұрақтың жауабын келесі жылдың сәуір-мамыр айларында аласыз", - дейді маман.

Еске салайық, Манчестерден келген команда сырт алаңда "Вэст Хэмді" 2:1 есебімен ұтты. Матчта Роналду кезекті голын соқты. Ал соңғы секундтарда Давид де Хеа 11 метрлік айып добын қайтарып, кездесудің қаһарманы атанды. Дегенмен бапкердің қызметінен қуылуы туралы сөз бекер емес. Себебі оның алдында клуб Чемпиондар Лигасының бірінші турында Швейцарияның "Янг Бойз" командасына есе жіберген еді. Сондықтан Лондондағы "Вэст Хэмге" қарсы матчта команданың жеңіске жетуі маңызды болған.

 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки:
Жаңалықтар