"Қырғыз Мессиі" алматылық "Қайраттың" ұтымды ұсынысынан бас тартты

10 желтоқсан 2019 10:19
© pressball.by
Қырғызстан құрамасы мен "Неман" клубының жартылай қорғаушысы Гулжигит Алыкулов Еуропада ойнау арманы үшін "Қайраттың" тиімді ұсынысынан бас тартты. Бұл туралы белоруссиялық клубтың бас бапкері Игорь Ковалевич хабарлады.

25 қараша күні 19 жасқа толған Алыкулов өткен маусымда 23 матчте төрт гол салып, төрт нәтижелі пас берді. Футболшы "Неман" сапынан кетпек. Осыған байланысты оған өзге командалар қызығып отыр. 

"Алыкуловтың келісімшарты үш жылға есептелген және онда келісімді ерте бұзғаны үшін төленетін сомма да көрсетілген. Өте сапалы ойыншы, сондықтан оған үлкен кезек тұр - ресейлік және еуропалық клубтар. Қаржы жағынан өте ұтымды ұсынысты "Қайрат" та жасады, бірақ, ол бас тартты. Еуропада ойнағысы келеді.

Ақылды жігіт, өзіне не керегін біледі. Менталитеті мен футболға деген көзқарасын есепке алсақ, ол биіктерге жетеді деген сенім бар. Бізбен қоштасатыны өкінішті, алайда, таңдауымыздан қателеспегенімізге де ризамыз", - деп келтіреді Ковалевич сөзін Football.by порталы "Гродно Плюс" арнасына сілтеме жасап. 







Қарашада Алыкуловқа польшалық "Лех", чехиялық "Славия" және Ресей премьер-лигасының клубтары қызығушылық танытқан. Ал отанында вингер "Қырғыз Мессиі" лақап атын иеленген.

Қыргызстан құрамасы үшін алты матчте Алыкулов екі гол салған. Transfermarkt порталы сол қапталдағы вингерді 400 мың еуроға бағалап отыр.
Жаңалықтар