Мадридтік "Реалдың" қақпашысы Тибо Куртуа Бельгия құрамасы үшін өнер көрсетуін уақытша тоқтата тұрмақ. 34 жастағы голкипер мұндай шешімге Чемпиондар лигасында "Реал" миландық "Интерді" 2:1 есебімен ұтқаннан кейін келді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Куртуаның күтпеген шешіміне не себеп болды?
Куртуа Ұлттар лигасының алдағы маусымына қатыспайды. Атап айтқанда, ол Бельгия құрамасының Францияға қарсы екі матчында да алаңға шықпайды. Алғашқы кездесу 28 қыркүйекте Брюссельде, қарымта матч 5 қазанда Сен-Дениде өтеді.
Қақпашы мұндай шешімді Бельгия құрамасының жаңа бас бапкері Марк ван Боммельмен сөйлескеннен кейін қабылдаған. Куртуа физикалық дайындығына және "Реал" сапындағы ойындарына көбірек көңіл бөлуді көздеп отыр.
Дегенмен голкипер ұлттық құрамадағы мансабын түпкілікті аяқтамақ емес. Ол 2028 жылғы Еуропа чемпионаты алдында Бельгия құрамасына оралуы мүмкіндігін жоққа шығармады. Алайда ол уақытқа дейін негізгі құрамдағы орнын ешкім сақтап тұрмайтынын түсінеді.
"Марк ван Боммель маған негізгі құрамдағы орнымды сақтап тұра алмайтынын айтты.
Егер Ұлттар лигасында ойнайтын қақпашы өзін жақсы қырынан көрсетсе, бапкер оған сенім артуы әбден мүмкін", - деп Куртуаның сөзін Foot Mercato келтіреді.
Соңғы әлем чемпионатында да бельгиялық қақпашы турнирді толықтай негізгі құрамда өткізе алмады. Жарақатына байланысты Куртуа Испанияға қарсы ширек финалдық матчта қақпадағы орнын Сенне Ламменске берді. Бельгия бұл кездесуде 1:2 есебімен ұтылды.
Куртуаның "Реалдағы" мансабы: басты жетістіктері
Куртуа 2018 жылдың тамыз айынан бері "Реалдың" намысын қорғап келеді. Осы уақыт ішінде бельгиялық қақпашы 337 матч өткізіп, 328 гол жіберіп алды және 130 кездесуде қақпасын голдан аман сақтады.
Мадридтік клуб сапында Куртуа 11 командалық жүлде жеңіп алды. Ол екі рет Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанып, үш рет Испания чемпионы болды және ел Суперкубогын да үш рет иеленді. Сонымен қатар бельгиялық қақпашы "Реалмен" бірге ФИФА клубтар арасындағы әлем чемпионатында, ФИФА құрлықаралық кубогында және УЕФА Суперкубогында жеңіске жетті.
Куртуаның жеке марапаттары қатарында 2018 жылғы The Best FIFA Men's Goalkeeper жүлдесі, ФИФА нұсқасы бойынша 2018 жылғы әлем чемпионатының үздік қақпашысы атағы және 2022 жылғы Яшин трофейі бар.
Жарнама