Криштиану Роналду Португалия Еуродан шығып қалғаннан кейін мәлімдеме жасады

Сурет: Football NG

Криштиану Роналду Португалияның Еуро-2020 турнирінен шығып қалғанына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Vesti.kz.

Еске салайық, 1/8 финалда чемпион атағы бар Португалия 0:1 есебімен Бельгиядан ұтылып, жарыс жолынан шығып қалды. 

"Қалауымызға жете алмай, жарыстан ертерек шығып қалдық. Дегенмен турнирде жүріп өткен жолымызды мақтан тұтамыз. Еуропа чемпионы атағын қорғап қалу үшін барымызды салдық. 

Команда бұрынғыдай португалиялықтарға шаттық сыйлай алатынын дәлелдеді. Жанкүйерлер бізді бірінші минуттан соңына дейін қолдады. Біз олардың үмітін ақтау үшін айқастық. Діттеген жерімізге жете алмадық, алайда, сіздерге алғысымызды білдіреміз. 

Белгияны құттықтаймыз және өзге командаларға сәттілік тілейміз. Ал біз мықтырақ болып ораламыз. Алға, Португалия!" - деп жазыпты Роналду Instagram желісінде.