Португалия құрамасының шабуылшысы және саудиялық "Әл-Наср" клубының капитаны Криштиану Роналду жақын күндері Испанияға келеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
UD Almeriasad мәліметінше, 10 тамыз күні Роналду Испаниядағы Альмерия қаласында өтетін жолдастық матчта "Альмерия" командасына қарсы алаңға шығады.
Бұл аңызға айналған португал футболшысы үшін "қызыл-ақтарға" қарсы бесінші кездесу болмақ. Бұған дейінгі төрт матч оның мадридтік "Реал" сапында ойнаған жылдары өткен. Сол ойындарда Роналду төрт голмен ерекшеленген. Жалпы Роналду Ла Лига чемпионатында өткізген 292 матчта ол 311 гол соққан.
"Альмериямен" ойыннан бұрын, "Әл-Наср" клубы 30 шілдеде франциялық "Тулуза" командасымен де кездеседі. Бұл матч жаңа маусымға дайындық аясында өтеді.
Айта кетейік, Криштиану Роналду Испанияда ұзақ жылдар тұрған. Ол 2009 жылдан 2018 жылға дейін "корольдік клуб" – мадридтік "Реал" сапында өнер көрсетіп, әлемдік футболдың басты жұлдыздарының біріне айналды.
Жарнама