Криштиану Роналду ғасырдың ең мықты футболшысы атанды

28 желтоқсан 2020 12:00
Сурет: globesoccer.com

27 желтоқсан Дубайда Globe Soccer Awards салтанатты марапаттау рәсімі өтті, - деп хабарлайды Eurosport.

"Ювентус" шабуылшысы 35 жастағы Криштиану Роналду "ХХІ ғасырдың үздік ойыншысы" (2001-2020 жылдар аралығы) атағын жеңіп алды. Бұл номинацияға Месси, Мохамед Салах және Роналдиньо да ұсынылған еді.

Португалиялық футболшы дауыс беру қорытындысы бойынша Роберт Левандовский мен Лионель Мессиден озып, 2020 жылдың да үздік футболшысы атануы керек еді. Алайда қазылар алқасы сыйлықты "Бавария" шабуылшысына беруді ұйғарды.

Левандовский өткен маусымда "Бавария" сапында 47 матч ойнап, 55 гол соқты. Германияның үздік бомбардирі атанды және бавариялықтармен Чемпиондар лигасында жеңіске жетті.

"Ғасыр бапкері" атағын "Манчестер Ситиді" жаттықтыратын Хосеп Гвардиола иеленді. Ал 2020 жылдың үздік бапкері "Бавариямен" жұмыс істейтін Ханс-Дитер Флик атанды.