Футбол
Бүгін 10:50

Криштиану Роналду алғаш рет Сауд Арабиясының чемпионы атанды

©"Әл-Наср" ФК

Португалиялық шабуылшы Криштиану Роналду өнер көрсететін “Әл-Наср” “Дамакты” ұтып, Сауд Арабиясы чемпионатының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Vesti.kz.

Сауд Про-Лигасының соңғы, 34-туры аясындағы матч Эр-Риядтағы “Әл-Авваль Парк” стадионында өтіп, 4:1 есебімен аяқталды.

Жеңімпаздар сапында Криштиану Роналду дубль авторы атанды (62, 80-минуттар). Сондай-ақ, Садио Мане (34) мен Кингсли Коман (52) бір-бір голдан соқты. Қонақтар құрамында Морлай Силла 57-минутта пенальтиден мергендік танытты.

“Әл-Наср” 86 ұпай жинап, чемпионат кестесінде бірінші орынға көтерілді. Екінші сатыға 84 ұпаймен “Әл-Хиляль” жайғасты. Ал “Дамак” 29 ұпаймен 16-орында қалды.

“Әл-Наср” Роналду командаға 2023 жылдың қаңтарында ауысқалы бергі алғашқы чемпиондығын жеңіп алды. Португалиялық футболшы үшін бұл клуб сапындағы екінші трофей болды. Бұған дейін ол 2023 жылы Араб чемпиондары кубогын иеленген еді.

Сондай-ақ, бұл Роналдудың Сауд Арабиясындағы алғашқы чемпиондық атағы саналады. Бұған дейін ол “Манчестер Юнайтед” құрамында Англия чемпионы атанса, “Реал” және “Ювентуспен” Испания мен Италия чемпионаттарын екі реттен жеңген.

41 жастағы Роналду маусымда 28 гол соғып, “Әл-Насрдың” үздік сұрмергені атанды.

Сонымен қатар, португалиялық жұлдыз чемпионаттың екінші үздік бомбардирі болды. Бұл көрсеткіш бойынша ол “Әл-Ахли” шабуылшысы Айван Тониден (32 гол) ғана қалып қойды.


Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport