Қазақстан чемпионатының 19-турында "Қызыл-Жар" мен "Ордабасы" матчында күтпеген есеп тіркелді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Петропавлдағы ойында алаң иелері 4:0 есебімен жеңіске жетті. Әли Әлиев шәкірттерінен Максим Чиканчи (12-минут), Мусса Коне (66-минут), Валерий Каршакевич (73-минут) және Элгуджа Лобжанидзе (90+2-минут) ерекшеленді.
Матч басында турнир кестесінде 12-орында тұрған "Қызыл-Жардың" ірі есеппен жеңіске жететініне ешкім сенбес еді. Осы жетістігінің арқасында солтүстік қазақстандық ұжым 21 ұпаймен 11-орынға дейін көтерілді. Ал 26 ұпайы бар "Ордабасы" турнир кестесінде 7-орнында қалды.
Енді ішкі біріншіліктің 20-турында "Қызыл-Жар" қонақта "Мақтааралмен" кездессе, "Ордабасы" Алматының "Орталық" стадионында "Қайратпен" өзара мықтыны анықтайды.