"Командалардың барлығы мықты". Біржан Оразов футзалдан әлем чемпионаты жайлы
Футзалдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына қызу дайындық өткізуде, деп жазады Vesti.kz тілшісі.
Футзалдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына қызу дайындық өткізуде, деп жазады Vesti.kz тілшісі.
Қыркүйек айының 12 мен қазанның 3 жұлдызы аралығы Литваның Каунас, Клайпеда және Вильнюс қалалары әлемнің ең үздік 24 командаларын қабылдайды. Олардың арасында Кака баптайтын ұлттық құрама мүшелері де өнер көрсетеді. Бүгінгі таңда балтық жағалауына жеткен жерлестеріміз соңғы дайындықтарын пысықтауда. Осы орайда құрама қорғаушысы Біржан Оразов тілшімізбен алдағы жарыс жайлы пікірімен бөлісті.
- Біржан, ұлттық құрама оқу-жаттығу жиындарын қалай өткізді? Әлем чемпионатына дайынсыздар ма?
Әрине, дайынбыз. Жарыс болатын күнді тағатсыздана күтіп жүрміз. Оқу-жаттығу жиындары жоғары деңгейде өтті. Бая аяғы үш кезеңнен тұрды. Алдымен Алматыда физикаға көбірек көңіл бөлдік, одан кейін елордамызда доппен жұмыс істедік. Соңында Мәскеуде жолдастық матчтар өткіздік. Жалпы алғанда құрамамызбен тыңғылықты дайындалдық.
- Қазақстан құрамасының тобына тоқталып кетсеңіз...
Әрине әлем чемпионатына келген командалардың барлығы мықты. Біздің топта жарыс қожайыны Литва, одан бөлек Коста-Рика мен Венесуэла құрамалары бар. Әлі де қарсыластарымызды зерттеу үстіндеміз. Бұйырса бірінші кездесуді Коста-Рика ойыншыларына қарсы ойнаймыз.
- Әлем чемпионатында қандай жоспар қойып отырсыздар?
Алланың бұйырғаны болады. Жоспарымыз айқын. Бұйырса командамызбен жақсы нәтиже тіркеуге бар күшімізді саламыз.
Еске салайық, Қазақстан құрамасы А тобында Литва, Венесуэла және Коста-Рика құрамаларымен кездеседі. Топтағы алғашқы ойын Коста-Рика 12 қыркүйекте өтеді. 2016 жылғы соңғы мундиальда Е тобында Қазақстан командасымен бір топта болған Аргентина құрамасы әлем чемпионы атанған болатын.
Жарнама