Бельгия құрамасы мен "Манчестер Сити" клубының жарық жұлдызы Кевин Де Брейне UEFA А лицензиясын алды. Бұл туралы журналист Кристоф Терье "твиттер" парақшасында жариялады.
Журналисттің мәліметінше, бапкер лицензиясын бірнеше бельгиялық футболшы алған. Олардың арасында "Лестер Сити" ойыншысы Юри Тилеманс, "Наполиден" Дрис Мертенс, "Бенфикадан" Ян Вертонген, Дортмундтың "Боруссиясынан" Аксель Витсель және "Брайтон" клубынан Леандро Троссард бар.
UEFA A лицензиясымен 18 жасқа дейінгі әлемнің кез-келген командасын жаттықтыруға болады. Аталмыш санаттан жоғары тек Pro категориясы бар.
Еске салайық, Кевин Де Брейне "Манчестер Сити" сапында 2015 жылдан бері 207 ойында 57 гол салды. Осы уақыт аралығында ол Англияның төрт дүркін чемпионы атанды. Де Брейне әлемдегі ең мықты жартылай қорғаушылардың бірі саналады.