Футбол
15 қараша 2021 22:31

Керек болса жылдың соңында орнымнан кетуге дайынмын - Талғат Байсуфинов

©ҚФФ

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі ойындарды қорытындылап, Тәжікстанмен өтетін жолдастық кездесу жайлы пікірімен бөлісті.

- Франциямен өткен ойыннан кейін (0:8) қандай қорытындылар жасалды?

- Ең алдымен барша жанкүйерлерден, халқымыздан кешірім сұраймын. Мен команданың бас бапкері ретінде нәтижеге өзім жауаптымын. Ойыншыларға сіздердің қолдауларыңыз қажет деп ойлаймын. Өйткені, бізде басқа ойыншылар жоқ. Францияның бар күшін салғанын өздеріңіз де көрдіңіздер. Алғашқы минуттардан-ақ олар үш шабуылшымен шығып, нәтиже көрсетті.

- Кейбір футболшылардың ойынына көңіліңіз толмайтынын білеміз. Мақсат Тәйкенов пен Еркін Тапалов ұлттық құрамадағы дебютінен бері алға жылжымаған сияқты. Олар командаға бейімделе алмады деп ойламайсыз ба?

- Мен ойыншылар туралы бөлек айтқым келмейді. Біз алаңға бір команда болып шықтық.

- Франциямен өткен ойынға Асхат Тағыберген, Сергей Малый сынды ойыншылар қатыса алмады. Мұның себебін атай аласыз ба?

- Францияға қарсы ойынды қанша ойыншымызыздың жіберіп алғанын өзіңіз білесіз. Олар Қазақстанда қалды. Мәселен, сол Абзал Бейсебеков Тәжікстанмен өтетін кездесуге дайындалып жатқан. Бірақ қонақүйден шыққанда оған ота жасау керектігін айтты. Асхат Тағыбергеннің тізесі ауырып, Франциямен болған кездесуге қатыспады. Сергей Малый да кішігірім жарақат алған. Қазір олар дайындалып жатыр, ертеңгі ойынға қатысуы керек. Оның үстіне, ұзақ уақытымыз жол жүруге кетті. Дәрігерлермен кеңестік, олар ойыншылардың Қазақстанда қалғаны дұрыс болады деп айтты. Жалпы топқа Бақтиер Зайнутдинов та келіп қосылды. Ойыннан кейін Алексей Щеткинге шұғыл телефон соғуға тура келді, біз оны Тәжікстанмен болатын кездесуге шақырдық. Жағдай осындай, бізге ойыншылар жетіспеді.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен іріктеу кезеңін қорытындылауға тырысып көрейін. Бастапқыда мені бас бапкер қызметіне шақырған кезде Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Рыскелдіұлы мен бас хатшы Азамат Серікұлы нақты стратегия әзірледі. Біз өз тобымызды және қарсыластарымызды білгенде бұл жағдайды пайдаланбауға қақымыз жоқ еді. Бұл топта ірі жеңіліс болмау үшін абыроймен өнер көрсету міндеті қойылды. Ішінара бұл тапсырма финалдық ойынға дейін орындалды.

Осындай нәтиже үшін барша жанкүйерлерден, барша халықтан тағы да кешірім сұраймын. Бірақ мұның нақты себептері бар. Қарсыластың деңгейін бәріңіз білесіздер. Оның үстіне біздің ойынға дейін Финляндия Боснияны жеңді, ал Франция келесі ойында Финляндиямен кездеседі. Париждегі жанкүйерлер команданы алға жетеледі, өйткені әлем чемпионатына шығу міндеті шешіліп жатқан еді.

Екінші міндет - ұлттық құраманы жаңарту. Бірталай ойыншылар ұлттық құрамада кемінде он жыл ойнады. Сондықтан бізге жас футболшылар керек еді. Бізде болашаққа арналған құрам жоқ. Федерация басшылары дәл осы жұмысты көргісі келді. Біраз шара қолданатынына сенімдімін. Жергілікті футболшыларымызға көмектесу үшін Қазақстан чемпионатында бір нәрсені өзгерту керек.

Біздің мақсатымыз – жас футболшыларға қолдау көрсету. Біз Қайрат Нұрдәулетовпен үнемі байланысып тұрамыз. Жастар құрамасында өте үлкен мәселе бар – тек үш ойыншы ғана Қазақстан чемпионатында тұрақты түрде ойнайды, ал қалғандарына ойын практикасы жетіспейді. Наурызда біз бірнеше ойыншыны Францияға қарсы ойынға шығардық. Одан кейін ешкімді алған жоқпыз. Жастар құрамасы биыл бір құраммен ойнасын деп келістік.

Біз болашаққа үмітпен қараймыз. Қазақстан футбол федерациясы басшыларының алға қойған мақсаттары мен міндеттері, менің ойымша, біздің жаттықтырушылар құрамы осы мәселелердің барлығын көрсетуге көмектесті. Олар біздің қазақстандық футболға көмектесу және жақсарту үшін дұрыс қадамдар жасайтынына сенімдімін.

- Сіздің Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалғаныңызға тура 11 ай болды. Іріктеу кезеңі аяқталды, енді алда Ұлттар Лигасы тұр. Алдыңызға қандай міндеттер қоясыз?

- Барлық жерде жұмыстан кету керек деген шу шықты. Мәселе жоқ. Менің келісім-шартым жылдың соңында аяқталады. Қандай тапсырма жүктелді? Біз бұл мәселені федерациямен талқылаймыз. Мені ұлттық құрама тізгінінде көргісі келмейтін, алаңдап жүргендерге айтарым – уайымдамаңыздар, келісім-шарт бітеді, бұл жағынан ешқандай мәселе жоқ. Мен бұл жауапкершілікті өз мойныма алдым, нәтиже маған тиесілі болып қалады. Бұл тарих. Мен ол үшін уайымдаймын, оған өзім жауапты боламын. Менің келісім-шартым бітеді, жаңа бас бапкер қажет болса, мен кетуге дайынмын. Ең бастысы, біз бар нәрсені көрсеттік. Жаңа бапкер келеді, мен оған әрқашан көмектесіп, не істегенімізді, қандай ойыншылардың бар екенін айта аламын. Біз әр ойыншыға сипаттама беретін боламыз.

Ұлттар лигасы? Біз бұл тақырыпты әлі талқылаған жоқпыз. Көктемде Молдоваға қарсы екі ойынымыз бар екенін білемін. Мұны Тәжікстанмен болған ойыннан кейін талқылаймыз.

- Украинамен екі рет тең ойнадық, босниялықтармен де тең түстік. Сізді жасаған жұмысыңыз үшін жақсы жаттықтырушы деп сипаттауға болады. Ұлттық құрамалардан немесе қандай да бір клубтардан ұсыныстар түсті ме?

- Жоқ, мұндай әңгіме болған жоқ. Францияда журналистер де көрсеткен ойынымыз үшін алғысын білдірді. Өздеріңіз көріп отырсыздар, бізде жақсы сәттер де болды. Ойыншыларымыз өз мүмкіндіктерінің барлығын көрсетті. Иә, бізге қиын болды. Біз Украинамен екі ойын өткіздік: 1:1 – сырт алаңда, олар біздің қақпамызға 29 соққы жасады, ал 2:2 – өз алаңымызда, қақпамызға 25 соққы жасалды. Ал Франциямен болған ойын: 13 соққы - 8 гол. Айырмашылықты өзіңіз көре аласыз. Сәттіліктен ғана үміт күтуге болмайды.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport