Қазақстан ұлттық құрамасы Дебрецен қаласында өткен жолдастық матчта Венгрия құрамасына есе жіберді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Кездесу Қазақстан командасының жылдам голымен басталды. Матчтың тоғызыншы минутында Максим Самородовтың бұрыштан тепкен добын Сергей Малый сәтті күтіп алып, есеп ашты.
Бірінші тайм қазақстандықтардың 1:0 есебіндегі басымдығымен аяқталды.
Алайда үзілістен кейін алаң иелері ойын тізгінін өз қолына алды. Матчтың 52-минутында "Ливерпуль" жұлдызы Доминик Собослаи "Қайрат" қақпашысы Темірлан Анарбековтың қақпасынан саңылау тауып, таразы басын теңестірді.
63-минутта Максим Самородов екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Осылайша, Қазақстан құрамасы матчтың қалған бөлігін бір ойыншы кем өткізді.
Ал араға төрт минут салып венгриялықтар жеңіс голын соқты. Қонақтар қақпасына Андраш Шафер керемет соққымен дәлдік танытты.
Нәтижесінде Қазақстан құрамасы Венгрияға қарсы жолдастық кездесуде 1:2 есебімен жеңіліс тапты.
Жарнама