Қазақстандық клубтың үздік бомбардирі карьерасын Ресейде жалғастыратын болды

Сурет: "СКА-Хабаровск" ФК

Ақтаулық "Каспий" ойыншысы Давид Караев карьерасын Ресейде жалғастыратын болды. 

"Матч ТВ" мәліметінше, ресейлік шабуылшы Ұлттық футбол лигасындағы "СКА-Хабаровск" сапына өтті. 

"Сергей Юранның командасына 26 жастағы хавбек "Уралдан" еркін агент ретінде өтіп отыр, екатеринбургтық клуб футболшыны "Каспийге" (18 матчте 6 гол және 2 ассист) жалға берген еді. 

Караев "Олимп-Долгопрудныймен" ойынға (1:1) да қатысып үлгерген және гол салған", - деп жазады мәлімет көзі.

Айта кетейік, Қазақстан чемпионатының биылғы маусымында Караев алты голмен "Каспийдің" үздік сұрмергені атанды. Ақтаулық команда үшін өткізген 18 матчтің он алтысында футболшы алаңға негізгі құрамда шықты.