Қаржы мониторингі агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті "Қызыл-Жар" футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияға мемлекетаралық іздеу жариялады, деп хабарлайды Vesti.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол жалпы сомасы 414 миллион теңгеден асатын бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінді.
2023 жылы футбол клубының қызметін қаржыландыру үшін жергілікті бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлінген.
Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті бас бухгалтермен және өзге де тұлғалармен сөз байласып, жалған қаржылық құжаттарды пайдаланған. Сондай-ақ қаражатты жеке шоттарға негізсіз аударуды ұйымдастырып, бухгалтерлік және салық есептілігіне көрінеу жалған мәліметтердің енгізілуін қамтамасыз еткен.
Атап айтқанда, салық декларацияларында қызметкерлердің табысы, еңбекақы төлеу қоры және ұйымның жылдық жиынтық табысы төмендетіліп көрсетілген.
Григорий Лория - Қазақстан футболындағы белгілі функционерлердің бірі. Ол ұлттық құраманың бұрынғы қақпашысы Давид Лорияның әкесі. Бұған дейін Астананың "Жеңіс" клубында, Қазақстан футбол федерациясында (ҚФФ), Кәсіпқой футбол лигасында (КФЛ), Қарағандының "Шахтер" және Павлодардың "Ертіс" клубтарында басшылық қызметтер атқарған.
Жарнама