Қазақстан құрамасының қорғаушысы Руслан Валиуллин Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында допинг дауына қатысты ойымен бөлісті.
Ойыншыны рұқсат етілмеген препараттарды қолданды деген айыппен биылғы жылдың ақпан айында футболдан екі жылға шеттетілген еді.
"Аппеляция жайлы шешімді әлі қабылдаған жоқ. Осы айдың басында жиналыс болды. Әзірге шешімді күтіп отырмыз. Қандай жағдай болмасын өз басым бүкпесіз барлық ақпаратты ашып айттым. Тек үкім өз күшінде қалса өкінішті болар еді. Бірақ өмірде түрлі жағдай болып тұрады. Басқа түскен сынақты көтерем. Не болса да кез келген шешімге дайынмын", - деді Валиуллин.
Еске салайық, Руслан Валиуллин өткен жылы Конференция лигасының аясында өткен "Тобыл" мен "Жилина" матчінен кейін тапсырған допинг сынамасы оң болып шықты. "Тобыл" ойыншысы бұл жаңалықты 2021 жылдың 2 қыркүйегінде білді.