Қазақстан құрамасының Македониямен ойынына тағы бір футболшы қатыспайды. Жалпы матч өтпеуі ықтимал

Сурет: ҚФФ

"Астана" командасының қақпашысы Дмитрий Непогодов ұлттық құраманың Солтүстік Македониямен ойынына қатыспайды, деп хабарлайды Vesti.kz.

Футболшы Скопьеге бармай, Нұр-Сұлтанда қалып қойған. 32 жастағы голкипер жарақат алған болуы да мүмкін, бұл жағы әзірге белгісіз. 

Мұның алдында Қазақстан құрамасының алдағы ойынына қорғаушы Олжас Керімжанов, жартылай қорғаушылар Владислав Васильев, Еркебұлан Тұңғышбаев және шабуылшы Артур Шушеначев қатыспайтыны белгілі болған еді.

Мұның үстіне Македония астанасына келісімен қазақстандық команда күтпеген қиындықтарға тап болды. Қазақстан құрамасының футболшылары бес сағаттай Скопье әуежайында тұрып қалды. Футболшыларға бұл елге келген уақытта виза берілмеген, Қазақстандағы Македония елшілігі мен осы елдің кедендік бақылауының мақұлданбаған жұмысы осындай қиындықтарға себеп болып отыр. 

Қазақстан тарапы барлық құжатты уақытында өткізген, Ал Македония елшілігі визалар футболшыларға осы елге келісімен берілетінін айтқан. Айлайда елшілік бұл міндетін орындамады. Сонымен қоса, футболшыларға әуежайдан шығуға рұқсат етіп, жарты жолда құқық қорғау органдары қайтадан әуежайға қайтарып алған. 

Осылайша, құрамалар арасындағы ойынның өту-өтпеуі сұрақ болып отыр. Македония - Қазақстан матчі 4 маусымға белгіленген.