Қазақстан құрамасының бұрынғы футболшысы ресейлік клубқа ауысты

© "Каспий" ФК
Қазақстан құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы Казбек Гетериев карьерасын "Кызылташ" (Бахчисарай) командасында жалғастырады, - деп хабарлайды Vesti.kz.

34 жастағы футболшы ойнаған кейінгі клуб "Каспий" болған. Ақтаулық клуб үшін өткізген 24 матчте ол екі ассист жасады. Сонымен бірге, кабардино-балкария футбол мектебінің түлегі "Ертіс", "Қайсар", "Ордабасы", "Қайрат" сияқты қазақстандық клубтар сапында өнер көрсеткен.

2010 жылы футболшыға Қазақстан құрамасы үшін ойнау туралы ұсыныс жасалып, ұлттық құрама сапында ол жеті матчте ойнады.  

Еске салайық, ақтаулық клуб сапынан қыста Руслан Сахалбаев, Бранко Чубрило, Саша Колуния, Талгат Кусяпов, Қуаныш Бегалин, Жандос Солтан сияқты өзге де футболшылар кетті.

2019 жылғы маусымды "Каспий" бірінші лигада екінші орында аяқтап, тікелей премьер-лигаға шықты. Маусым аралығында командадан 46 жастағы сербиялық маман Срджан Благоевич кетті.