Қазақстан құрамасының және семейлік "Елімайдың" жартылай қорғаушысы Рамазан Оразов жуырда алаңға оралады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Оразов жаттығуға кірісті
AmanVIBE мәліметінше, 28 жастағы футболшы толыққанды жаттығу жұмыстарына кірісіп, команданың алдағы матчына өтінімге енуі мүмкін.
Оразовтың жарақаттан кейінгі қалпына келуі жақсы қарқынмен өтіп жатыр. Егер футболшының дайындығы еш кедергісіз жалғаса берсе, ол "Елімайға" келесі турда-ақ көмектесе алады.
Семейлік клубтың капитаны 9 шілдеде Ереванда Конференция лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы матч кезінде жарақат алған. Оразов қарсыласпен допқа талас кезінде құлап, иығын жарақаттап алған.
Қазақстан құрамасын да күшейте ме?
Қазір жартылай қорғаушы жалпы топпен жаттығуға кірісіп, біртіндеп бабына келіп жатыр. Оның алаңға оралуы "Елімай" үшін ғана емес, Қазақстан құрамасы үшін де маңызды жаңалық болмақ.
Оразов ұлттық құраманың негізгі ойыншыларының бірі саналады. Қыркүйек айында қазақстандық футболшыларды Ұлттар лигасындағы маңызды матчтар күтіп тұр. Команда халықаралық үзіліс кезінде төрт кездесу өткізеді: 26 қыркүйекте Фарер аралдарымен, 29 қыркүйекте Словакиямен, 2 қазанда Молдовамен және 6 қазанда тағы да Фарер аралдарымен ойнайды.
Оразов осы маусымда 17 матч өткізіп, төрт гол соқты және төрт нәтижелі пас берді. Transfermarkt порталы футболшының нарықтағы құнын 600 мың еуроға (320,4 миллион теңге) бағалап отыр.
Жарнама