Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының соңғы турында ұтылып қалды

26 қыркүйек 2022 00:19
©KFF

Қазақстан құрамасы 2022 жылғы Ұлттар лигасының соңғы турында Әзірбайжанмен кездесті.

Бакуде өткен ойын 3:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. 

Магомед Адиев шәкірттері бұған дейінгі бес матчта төрт рет жеңіп, бір мәрте тең ойнап С лигасының 3-тобында бірінші орынға мерзімінен бұрын жайғасып алған. Содан да болар бүгінгі ойында команда құрамында біршама өзгеріс болды. Жас шабуылшы Абылайхан Жұмабек негізгі құрамда шықса, Сергей Малый мен Абат Айымбетов қосалқы құрамда қалды. Ал Бахтиер Зайнутдионов матчқа қатысатындар тізіміне енген жоқ.

Бірінші тайм 0:0 есебімен аяқталды. Ойынның 35-минутында Қазақстан құрамасының қорғаушысы Нұралы Әліп қызыл қағаз алып, алаңнан қуыллды. Бас бапкер амалсыз шабуылшы Абылайхан Жұмабектің орнына қорғаушы Сергей Малыйды шығарды. 

Екінші таймда алаң қожайындары дегеніне жетті. Үш гол соғып, жеңіске жетті. Оның алғашқысын Қазақстан қорғаушысы Александр Марочкин өз қақпасына соғып алды. Ал екінші гол соғылған сәтте Бағдат Қайыров өрескел қателік жіберді. Әзірбайжан ойыншылары матч соңына қарай үшінші голды да соғып кетті.

Бұл жеңіліске қарамастан Қазақстан құрамасы өз тобында 13 ұпай жинап, бірінші орын алды. Ал Әзірбайжан құрамасы он ұпаймен екінші орынға жайғасты. 

Ұлттар лигасы. С лигасы, 3-топ

Әзірбайжан – Қазақстан – 3:0 (0:0)

Гол соққандар: 67’ Марочкин (автогол), 74’ Озобич, 90+1’ Нуриев

Алаңнан қуылды: Әліп 35’
 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Метки:
Жаңалықтар