Футбол
Бүгін 11:09

Қазақстан құрамасы тарихындағы ең табысты бапкер командаға қайта оралуы мүмкін

©ҚФФ

Қазақстан футбол құрамасының бұрынғы бас бапкері, ресейлік маман Магомед Адиев ұлттық командаға қайта оралуы мүмкін, деп хабарлайды Vesti.kz журналист Александр Троицкийге сілтеме жасап.

Адиевтің оралуы туралы сыбыс шықты

Дереккөздің мәліметінше, қазіргі уақытта Магомед Адиевпен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Алайда әзірге бұл ақпараттың ресми расталмағаны және оны қауесет ретінде қабылдау қажет екені атап өтілген.

"Магомед Адиев Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне қайта келуі мүмкін деген әңгіме бар.

Маған келіссөздер жүріп жатқанын растағандай болды. Бірақ әзірге мұны қауесет ретінде қабылдайық. Себебі Қазақстанда ұлттық құрамада да, клубтарда да, қандай да бір өзгеріс болса, Магомед Мусаевичтің кандидатурасы міндетті түрде қарастырылады. Қазір бас бапкер қызметі бос тұр, сондықтан Адиев өте бір жақсы нұсқа болып тұр.

Өздеріңіз білесіздер, мен әрдайым отандық мамандарды қолдаймын. Бірақ дәл қазір ұлттық құраманы қабылдауға дайын әрі ниетті қазақстандық бапкерді көріп тұрған жоқпын. Байсуфинов кетті, Әлиев өз мүмкіндігін пайдаланып көрді. Жұмасқалиевтің мұндай жауапкершілікке баруы екіталай деп ойлаймын. Бабаян туралы да соны айтуға болады. Қымбат шетелдік маман шақыру мәселесін де бастан өткердік. Черчесовпен тәжірибе болды, Постекоглумен де келісімге жақын қалғанбыз. Каннаваро, Купер, көрші елдегі Капелло мысалдары да көз алдымызда.

Адиев – өзін дәлелдеген маман. Оны тіпті өзіміздің бапкер деуге болады. Ойыншылар оны құрметтейді. Қоғам арасында беделі жоғары. БАҚ-пен қарым-қатынасы өте жақсы. Ол бұған дейін нәтиже көрсетті, соның ішінде Ұлттар лигасында да табысқа жетті. Артықшылықтары көп. Рас, қазір құрам айтарлықтай өзгерді, жастар көбейді. Бірақ бұл – жаңа сынақ. Сондықтан оның бұл міндетті қалай атқаратынын көру қызық болар еді.

Бұдан бөлек, Адиевтің тағайындалуы Қазақстан футбол федерациясының жаңа басшылығы үшін де көпшілік қолдайтын шешім болмақ. Бұл – тәуекелі аз таңдау", – деп жазады дереккөз.

Қазақстан құрамасының ең табысты бапкері

Магомед Адиев Қазақстан құрамасын 2022-2024 жылдары жаттықтырды және ұлттық команданың тарихындағы ең табысты бас бапкерлердің бірі саналады.

Оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы тарихта алғаш рет Еуро-2024 іріктеу кезеңінің плей-офф матчтарына жолдама алды. Сонымен қатар, команда UEFA Ұлттар лигасының С дивизионында жеңіске жетіп, В дивизионына көтерілді.

Ұлттық құрамадан кейінгі қызметі

Қазақстан құрамасынан кеткеннен кейін ресейлік маман клубтық деңгейдегі жұмысын жалғастырды. Ол Грозныйдың "Ахмат", Мәскеу облысының "Химки", Самараның "Крылья Советов" клубтарын, сондай-ақ Беларусьтің "МЛ Витебск" командасын жаттықтырды.

Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметі Талғат Байсуфинов кеткеннен кейін бос қалып отыр.
 
 
 
 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport