Қырғыз футбол одағы белгілі футболшы, Қырғыз КСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Борис Петрович Подкорытовтың өмірден өткенін хабарлады, деп жазады Vesti.kz. Ол 78 жасында дүниеден озды.
Борис Петрович 1948 жылдың 3 мамырында Фрунзе қаласында дүниеге келген. Футболдағы алғашқы қадамын танымал балалар жаттықтырушысы Владимир Коробченконың жетекшілігімен бастаған. 1966 жылы бүкілодақтық жастар турнирінің финалынан кейін ол Мехикодағы Олимпиада ойындарына дайындалған КСРО-ның эксперименталды құрамасына шақырту алған. Сол команда сапында Евгений Ловчев пен Сергей Ольшанский секілді кеңес футболының танымал өкілдерімен бірге өнер көрсеткен.
Ойыншы ретінде Борис Подкорытов мәскеулік "Локомотив" пен аңызға айналған "Алға" клубында доп тепті. "Алғада" ол команда капитаны болды.
Футболшылы карьерасын аяқтаған соң жаттықтырушылық жолды таңдады. Мәскеуде бапкерлік курстарды тәмамдап, 1980 жылы алғаш рет фрунзелік "Алғаны" басқарды. Кейін шетелдік клубтарда еңбек етті. 1988 жылы Алжирде бір команданы ел чемпионы атандырды.
Әр жылдары Борис Подкорытов Қазақстанның "Қайнар", "Астана", "Жетісу" клубтарын жаттықтырып, Қазақстан құрамасының бапкерлер штабы құрамында да қызмет атқарды.
Отанына оралғаннан кейін "Дордой-Динамо" клубымен жұмыс істеп, айтарлықтай табысқа жетті. Оның жетекшілігімен команда бірнеше мәрте Қырғызстан чемпионы және ел кубогының иегері атанды. 2006 және 2007 жылдары клуб АФК президенті кубогын жеңіп алуы — бапкерлік карерасындағы ерекше жетістік саналады.
2006 жылы Подкорытов Қырғызстан ұлттық құрамасын басқарды. 2006–2007 жылдары қайтадан "Дордой-Динамоның" бас бапкері болды, ал 2008 жылдан бастап клубтың бас директоры қызметін атқарды. 2011 жылы Қырғызстан құрамасында кеңесші-жаттықтырушы ретінде жұмыс істеді.
Өзінің ұзақ жылдық мансабында Борис Подкорытов бірнеше мәрте "жылдың үздік жаттықтырушысы" атанып, қырғыз футболы тарихындағы ең беделді әрі титулды мамандардың бірі ретінде танылды.
Жарнама