Қазақстанның футзал құрамасы жаңа бас бапкерге қатысты бір шешімге келген секілді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Дереккөз мәліметінше, бұл қызметке бұрын ел құрамасын жаттықтырған бразилиялық маман Пауло Рикардо Камара Собрал, яғни Какау, қайта оралуы мүмкін.
"Біздің мәлімет бойынша, Рикардо Камара Собрал (Какау) шығыс елдеріндегі ұзақ сапарынан кейін Қазақстанға қайта оралу туралы ұсыныс алған және бұған қарсы емес.
Какау 2013–2018 жылдар аралығында Қазақстан құрамасын жаттықтырған. Оның жетекшілігімен команда 2016 жылы тарихта алғаш рет Еуропа чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алған", – деп жазады дереккөз.
54 жастағы Какаудың кейінгі жұмыс орны – БАӘ футзал құрамасы. Бұған дейін ол Ирак пен Кувейт құрамаларын да жаттықтырған. Ал клуб деңгейінде Румынияның "Аутобергамо Дева" және "Юнайтед Галати" командаларында еңбек еткен.
Айта кетсек, 8 қараша күні Қазақстан футбол федерациясы ұлттық футзал құрамасының бас бапкері Паулу Рикардо Фигейро Силвамен (Кака) келісімшарттың аяқталғанын хабарлаған болатын.
Бұған дейін Кака басшылығымен Қазақстан құрамасы Еуро-2026 финалдық кезеңіне өте алмай, соңғы он жылда алғаш рет ірі халықаралық турнирден сырт қалды.