Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде қонақта Франциямен кездесіп, артынша Тәжікстан ойыншыларымен жолдастық матч өткізеді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
"Ия, расымен қос елдің федерациялары жолдастық ойын өткізу жайлы келіссөздер жүргізді. 13 қарашада сырт алаңда әлем чемпионымен D тобындағы соңғы кездесуден кейін үш күннен соң "Астана Аренада" Тәжікстан құрамасын қабылдаймыз", - дейді ҚФФ Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Ермұхамед Мәулен.
Осылайша, ФИФА талаптарына сай, 2021 жылы еліміздің басты командасы 10 ойын өткізеді. Оның ішінде 8 матч Катар-2022 турнирінің іріктеуі аясындағы ресми кездесулер болса, маусым айының басында Талғат Маруаұлының жігіттері қонақта Еуро-2020 қатысушысы Солтүстік Македониямен кездескен болатын.