Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы FIFA Series турнирінің екінші турында Комор аралдарын ұтып, жарыстың жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Матч 31 наурыз күні елордадағы "Астана Арена" стадионында өтіп, алаң иелерінің 1:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды. Кездесудегі жалғыз голды семейлік "Елімай" клубының жартылай қорғаушысы Рамазан Оразов соқты.
Ойынның 4-минутында шотландиялық "Хартс" клубының вингері Ислам Чесноков қарсылас қақпашысын қателікке ұрындырып, алыстан соққы жасаған еді, алайда, доп бағанаға тиді. Қайта серпілген допты Оразов дәл пайдаланып, есеп ашты.
Еске салайық, алғашқы турда Қазақстан ұлттық құрамасы Намибияны 2:0 есебімен ұтқан болатын, ал Комор аралдары сол қарсыласқа пенальти сериясында жол берген еді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы 6 ұпай жинап, жаңа FIFA Series турнирінің жеңімпазы атанды.



Жарнама