Қазақстан құрамасы футболдан Астанада өтіп жатқан FIFA Series жаңа турнирінің алғашқы матчында Намибияны ұтты, деп хабарлайды Vesti.kz.
"Астана Аренада" өткен матчта отандастарымыз 2:0 есебімен айқын жеңіске жетті.
Матчтағы бірінші голды 12-минутта Ян Вороговский соқты. Ол стандартты шабуылдан кейінгі өз мүмкіндігін сәтті пайдалана білді.
Талғат Байсуфинов шәкірттерінің бірінші таймда есепті еселейтін бірнеше мүмкіндігі болған. Алайда нәтижені өзгерте алмады.
79-минутта Әлібек Қасым есепті 2:0-ге жеткізіп, ұлттық құрамаға жарқын жеңіс сыйлады. Ол бұрыштамадан асырылған допты баспен дәл бағыттап, мергендік танытты.
Бұл жеңіс Қазақстан құрамасына турнирдегі алғашқы 3 ұпайды сыйлады.
Айта кетейік, жарыс аясында елордада Комор аралдары құрамасы да өнер көрсетеді, оларға қарсы матч 31 наурызға жоспарланған. Бастапқыда турнирге Кувейт құрамасы да қатысуы тиіс болған, алайда команда жарыстан бас тартты.