ҚКФЛ 2021 жылы маусымның үздік қорғаушысының жүлдесіне қазақстандық футболдың аңызы Сейілдә Икрамұлы Байшақовтың есімін беру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды тілшісі ҚКФЛ баспасөз қызметі.
Маусымның үздік қорғаушысы Қазақстан Чемпионатының қатысушы командаларының бас бапкерлері мен капитандарының қатысуымен таңдалады.
Сауалнама қорытындысы бойынша "Астана" мен Қазақстан құрамасының футболшысы Тимур Досмағамбетов маусымның үздік қорғаушысы атанды. 33-жасар ойыншы маусымды "Шахтерде" бастап, жазда елордалық клубтың құрамына ауысты. Досмағамбетов чемпионатта 23 ойынға қатысап, 9 гол соқты. Сонымен қатар, ел кубогында 6 ойыны және еурокубоктарда 2 кездесуі бар.
Аяқталған маусымда Қазақстан құрамасының сапында Тимур 8 матч өткізіп, бір нәтижелі паспен көзге түсті.
Сауалнамада екінші орынды чемпионаттың 25 матчында 7 гол соққан Әлібек Қасым иеленді.
Үздік үштікті "Тобыл" мен Қазақстан құрамасының қорғаушысы Александр Марочкин түйіндеді. Марочкиннің "Тобыл" сапында 28 ойыны және Қазақстан құрамасының құрамында 8 кездесуі бар.
Өткен маусымда аталмыш жүлдені Сергей Малый жеңіп алған еді.