Футболдан Қырғызстан құрамасының бас бапкері Александр Крестинин алдағы ойындарға шақырту алған Қырғызстан құрамасының ойыншылары тізімін жариялады, деп хабарлайды Vesti.kz ҚФҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Тізімге ҚПЛ-ден төрт футболшы ілінді.
Қарағандылық "Шахтер" қақпашысы Артем Прядкин, түркістандық "Тұранның" қос ойыншысы Темірлан Қозыбаев пен Фархат Мұсабеков және алматылық "Қайраттың" жартылай қорғаушысы Гүлжігіт Алықұлов Қырғызстан құрамасына шақырту алды.
Қырғызстан 2-7 қыркүйек арасында Палестина және Бангладешпен қатар "Үш ұлт кубогі" турниріне қатысады. Оқу-жаттығу жиындары 23 тамыз басталады.