Алматылық "Қайрат" УЕФА Чемпиондар лигасының 2025/26 маусымында өнер көрсетуін аяқтады. Қазақстандық клуб өз тарихында алғаш рет турнирдің негізгі кезеңінде ойнады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Соңғы, сегізінші турда алматылықтар сырт алаңда Лондонның "Арсеналынан" 2:3 есебімен ұтылды.
Топтық кезеңдегі нәтижелерЧемпиондар лигасының жалпы кезеңінде "Қайрат" сегіз матчта бір ғана ұпай жинады. Ол ұпай кипрлік "Пафоспен" өткен кездесуде (0:0) тіркелді. Қалған ойындардың барлығында қазақстандық клуб жеңіліске ұшырады:
португалиялық "Спортингтен" (1:4),
испаниялық "Реалдан" (0:5),
италиялық "Интерден" (1:2),
даниялық "Копенгагеннен" (2:3),
грек клубы "Олимпиакостан" (0:1),
бельгиялық "Брюггеден" (1:4),
ағылшындық "Арсеналдан" (2:3).
Плей-оффқа өте алмағанына қарамастан, бұл маусым "Қайрат" үшін әрі спорттық, әрі қаржылық тұрғыдан тарихи кезең болды.
УЕФА-дан қаржылай төлемдерFootball365 мәліметінше, Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне қатысқан әрбір клубқа УЕФА 18,62 миллион еуро көлемінде базалық төлем жасайды. Сонымен қатар, нәтижелерге байланысты бонустар қарастырылған:
жеңіс үшін — 2,1 млн еуро,
тең ойын үшін — 700 мың еуро,
плей-оффтың шешуші кезеңіне өткен үшін — 1 млн еуро,
1/8 финалға тікелей жолдама — 11 млн еуро,
жалпы кезеңдегі соңғы орын үшін — 275 мың еуро (ал көшбасшы команда 9,9 млн еуро алады).
Осылайша, Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне қатысқаны үшін "Қайрат" 18,62 миллион еуро (шамамен 11,23 млрд теңге) табыс тапты.
Бұған қоса, тең ойын үшін клуб 700 мың еуро (422,1 млн теңге), ал турнир кестесіндегі соңғы орын үшін 275 мың еуро (165,8 млн теңге) алды.
Нәтижесінде, алматылық клубтың Чемпиондар лигасындағы жалпы табысы 19,59 миллион еуроны (шамамен 11,81 млрд теңге) құрады.
Айта кетейік, маусым толық аяқталғаннан кейін бұл сомаға телевизиялық трансляция мен маркетингтік құқықтардан түскен қосымша төлемдер де қосылады.