Футбол
21 тамыз 08:31

"Қайраттың" Чемпиондар лигасындағы "Селтикпен" матчі сенсациямен бітті

©"Қайрат" ФК

Алматылық "Қайрат" Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі алғашқы матчында Шотландияның "Селтик" клубымен тең ойнады, деп хабарлайды Vesti.kz.

Глазгода өткен кездесу 0:0 есебімен аяқталды.

Бірінші тайм барысында алматылықтар бір гол соққан еді, алайда, капитан Александр Мартыновичтің соққан добы офсайд тіркелгендіктен есепке алынбады.

Айта кетейік, алғашқы тайм қорытындысы бойынша екі команда да қақпаға тура соққы жасай алмады. "Қайрат" допты бес рет қақпаға қарай бағыттаса, "Селтик" екі соққымен шектелді.

Екінші таймда шотландиялықтар белсендірек ойнап, бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды.

Екінші тайм алматылық қақпашылардың жарақатымен есте қалды. 75-минутта Александр Заруцкий ойынды жалғастыра алмай, оның орнына Темірлан Анарбеков алаңға шықты.

Алайда таймның соңына қарай Анарбековтің өзі де жарақат алды - оңтүстік кореялық Ян Хен Чжунмен соқтығысқан ол басынан жарақат алып, басына таңғыш тағылды.

Бас төреші негізгі уақытқа 10 минут қосып берді. Осы аралықта алматылық шабуылшы Дастан Сәтбаев сары қағаз алды. Бұл оның Еурокубоктағы үшінші ескертуі, сондықтан ол келесі матчта алаңға шыға алмайды.

Қарымта кездесу 26 тамызда Алматыда өтеді. Егер "Қайрат" бұл қарсыласты жеңсе, Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алады.

Ал ұтылған жағдайда, команда Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетуді жалғастырады.
 
 
 
 
 

 
 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport