Футбол
19 қыркүйек 09:07

"Қайраттың" Чемпиондар лигасындағы матчінде 5 гол соғылды

©"Қайрат" ФК

"Қайрат" Лиссабонда өткен Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің бірінші турында "Спортингтен" ірі есеппен ұтылды, деп хабарлайды Vesti.kz.

Кездесу Лиссабонда өтті және 4:1 есебімен аяқталды.

Ойынның сценариі

Бірінші тайм

Ойынның 5-минутында алаң иелері есеп ашуға жақын болды: қауіпті позицияда қалған Педру Гонсалвештің соққысын Шерхан Қалмұрза құлап бара жатып, аяқпен қайтарды.

21-минутта Александр Мрынский өз айып алаңында салақ ойнап, Луис Суаресті шалып құлатты – пенальти. 11 метрлік нүктеге Мортен Юльманн келді, алайда ол да Қалмұрзаны алдай алмады.

24-минутта Джовани Кенда алыстан бұрышқа дәлдеп тепкенімен, Қалмұрза тағы да шеберлігін көрсетті.

34-минутта "Спортинг" алаңының ортасында Офри Арад допты қағып алып, Дастан Сәтбаевқа пас берді. "Қайраттың" жас дарыны қашықтықтан қатты соққы жасағанымен, Жоау Виржиния қақпасын құтқарып қалды.

Алайда, "Қайратқа" үзіліске дейін аздап ғана шыдауға тура келді. 44-минутта Франсишку Тринкан айып алаңының сыртынан әдемі айналдырып соққы жасап, допты қақпаның жоғарғы бұрышына бағыттады – бұл жолы Қалмұрза қауқарсыз қалды.

Екінші тайм

Екінші тайм басталысымен-ақ "Қайрат" шабуылға көшті. 48-минутта Дастан Сәтбаев есепті теңестіретін тамаша мүмкіндікке ие болды, бірақ, Жоау Виржиния керемет сейв жасап, командасын құтқарып қалды.

Көп ұзамай Жоржинью да гол соғуға жақын болды, өкінішке қарай, оның соққысы әлсіз шықты және қақпашы тағы да допты қайтарды.

Осыдан кейін футболдың ескі ережесі іске асты: "сен соқпасаң – саған соғады". 64-минутта Франсишку Тринкан есепті 2:0-ге жеткізді, артынша Алиссон Сантос (66-минут) пен Джовани Кенда (68-минут) гол салды.

Тек 86-минутта Эдмилсон бір голмен жауап қайтара алды.

Чемпиондар лигасындағы "Қайраттың" келесі матчтарының кестесі

30 қыркүйек: "Қайрат" – "Реал" (21:45)
21 қазан: "Қайрат" – "Пафос" (21:45)
6 қараша: "Интер" – "Қайрат" (01:00)
26 қараша: "Копенгаген" – "Қайрат" (22:45)
9 желтоқсан: "Қайрат" – "Олимпиакос" (20:30)
20 қаңтар: "Қайрат" – "Брюгге" (20:30)
29 қаңтар: "Арсенал" – "Қайрат" (01:00).

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport