Алматылық "Қайрат" командасының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин УЕФА Чемпиондар лигасының 2025/26 маусымындағы екінші тур аясында өтетін Мадридтің "Реалына" қарсы матч алдындағы көңіл-күйілерін айтты, деп хабарлайды Vesti.kz.
Командалар арасындағы кездесу 30 қыркүйек күні Алматыдағы Орталық стадионда өтеді.
Уразбахтиннің айтуынша, команда үшін ең маңыздысы бар назарды нәтижеге емес, ойынға салу керек. Сондай-ақ, ол "Спортингпен" өткен матчтағы жеңілісті түсіндірді.
"Қандай нәтиже сәтті деп саналады? Әрине, жеңіс – бұл сәтті нәтиже (күледі). Бірақ бізге нәтиже емес, бар назарды ойынға бұру маңызды. Лиссабонда өткен соңғы матчта кей сәттерде жақсы көріндік. Иә, қарсылас бізден деңгей жағынан әлдеқайда жоғары, бірақ жігіттер кей эпизодтарда өзін жақсы жағынан көрсете алды. Бір гол соқтық - бұл да алға басу деп ойлаймыз, қарсыластың күшімен салыстырғанда.
"Реал" - өте жоғары деңгейлі қарсылас. Сондықтан біз толыққанды, тұрақты ойын көрсетуіміз керек. Алдыңғы матчта болғандай ойын ішінде үзілістерге жол бермеуіміз қажет. Сол кезде біз көп күш жұмсадық, ал бір мезетте зейініміз ыдырап кетті. Мұндай қарсыластармен әрдайым барынша зейінді, сергек болу қажет. Әрине, ойын барысында шаршау пайда болады, сол себепті зейін төмендейді. Бұл өте қиын. Сондықтан осы мәселені шешу қажет, бүкіл ойын бойы жинақы болу қажет.
Өкінішке қарай, бізде сергектік жетіспеді. Бұған ұшып-қону, жол азабы әсер етті... Ал "Реалмен" Алматыда өтетін ойында біз мүлде басқа деңгейде, жинақы, ұйымшыл команда ретінде көрінеміз деп үміттенемін. Біз жігіттерге айттық: екінші таймның он бес минуты - бұл біз басынан бастап көрсетуге тырысатын футбол. Сондықтан осыған көбірек ұмтыламыз", - деді Уразбахтин баспасөз мәслихатында.
Еске салайық, "Қайрат" Чемпиондар лигасындағы алғашқы ойынын "Спортингке" қарсы сырт алаңда өткізіп, 1:4 есебімен ұтылған болатын. Ал "Реал" өз алаңында франциялық "Марсельді" 2:1 есебімен ұтты.
"Қайрат" клубының Чемпиондар лигасындағы ойындар кестесі:
30 қыркүйек: "Қайрат" - "Реал" (21:45)
21 қазан: "Қайрат" - "Пафос" (21:45)
6 қараша: "Интер" - "Қайрат" (01:00)
26 қараша: "Копенгаген" - "Қайрат" (22:45)
9 желтоқсан: "Қайрат" - "Олимпиакос" (20:30)
20 қаңтар: "Қайрат" - "Брюгге" (20:30)
29 қаңтар: "Арсенал" - "Қайрат" (01:00).