"Қайрат" пен Еуропада ойнаған қазақстандық футболшы жаңа клубқа ауысты

Самат Сарсенов. Фото: ФК "Валмиера"©

Қазақстан жастар құрамасы мен "Қайраттың" бұрынғы ойыншысы Самат Сәрсенов көкшетаулық "Оқжетпес" сапына қосылды,- деп хабарлайды Meta-ratings.kz.

Сәрсеновтың өкілдері оны қысқы маусымаралықта ҚПЛ-дің бірнеше клубына ұсынған көрінеді. Ол тіпті "Қызыл-Жар СҚ" сапында бірнеше жолдастық кездесуге қатысып, өнерін ортаға салған. Дегенмен, келіссөздер келісімшартқа дейін жетпеген. Нәтижесінде ол "Оқжетпес" қатарына қосылып, алдағы маусымды бірінші лигада өткізетін болады. 

Алайда, Сәрсеновтың "Оқжетпес" сапындағы дебюті болмай қалуы да ықтимал. Көкшетаулық клубтың қарыздарының болуына байланысты қазіргі уақытта трансфер жасауға тыйым салынған.

Естеріңізге сала кетейік, 24 жастағы шабуылшы 2017 жылғы маусымда "Қайратпен" келесімшартқа отырып, чемпионатта он ойын өткізген болатын. Одан кейін ол "Тараз" сапында өнер көрсетті. 2020 жылдың қысқы трансферлік терезесінде Сәрсенов латвиялық "Валмиера" клубына ауысып, жаттықтырушылармен арада болған кикілжің нәтижесінде Юрмаладан "Спартак" сапына кетіп қалған еді.