Алматылық «Қайраттың» бразилиялық шабуылшысы Жоао Пауло командадан кетуіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Vesti.kz.
37 жастағы футболшының айтуынша, ол ауыр жарақаттан кейінгі оңалтуды жалғастыруды жоспарлап отыр. Биыл көктемде Пауло тізе жарақатын алған болатын.
«“Қайраттағы” уақытым аяқталды. Енді сауығып, алдағысын күтуім керек. Құдай жаңа сынақтарда жар болсын. Жаңа маусымды асыға күтемін», — деп жазды Пауло өз әлеуметтік желісінде.
Еске салайық, Қазақстан Премьер-лигасының соңғы турындағы «Астанаға» қарсы матчтың (1:1) алдында «Қайрат» клубы ресми түрде Паулоның кететінін хабарлаған еді.
Жоао Пауло 2021 жылдан бері «сары-қара» түстерді қорғап келеді. 2024 жылғы маусымда ол барлық турнирде 31 матч өткізіп, 14 гол соғып, 4 нәтижелі пас берді. Сол жылы Пауло Қазақстан чемпионатының ең үздік сұрмергендері қатарына енді.