Чемпиондар Лигасы іріктеу ойындарының екінші айналымында "Қайрат" сербиялық "Црвена Звездамен" болатын қарымта матчте кей ойыншыларын алаңға шығара алмауы мүмкін, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Mozzartsport мәліметі бойынша, "Қайрат" ойыншылардың жергілікті ауа райына бейімделуіне артық уақыт беру үшін дүйсенбіде Белградқа келген.
Алматылықтар өз алаңындағы жеңістен кейін (2:1) Белградқа жақсы көңіл-күймен жеткенге ұқсайды. Алайда Хосе Канте, Маки Баньяк, Стас Покатилов пен Айбол Әбікеннің коронавирусқа тапсырған сынамалары оң нәтиже бергені команданы аздап алаңдатып отырған көрінеді.
Кейінірек Канте мен Әбікен қайта сынама тапсырып, екінші жолы нәтиже теріс болып шыққан. Енді бұл ойыншылар сербиялық алаңда өнер көрсете алады.
Ал "Партизанның" бұрынғы ойыншысы, "Барселона" тәрбиеленушісі Маки Баньяк пен қақпашы Стас Покатилов алдағы ойынға қатыса алмайды" - дейді дереккөз.
Естеріңізге сала кетейік, қарымта кездесу 29 шілде күні Белградта өтеді.