Футбол
9 ақпан 14:51

"Қайрат" Қазақстан жастар құрамасы ойыншыларынан құтылғалы отыр

©ҚФФ

Жуырда ғана Қазақстанның жастар құрамасы сапында өнер көрсеткен "Қайрат" клубының бірнеше түлегі қысқы трансферлік кезеңде командасын ауыстыруы мүмкін, деп хабарлайды Vesti.kz.

Қазіргі уақытта "Қайрат" сапында басқа клубтарға жіберілуі мүмкін бірнеше ойыншы бар. Олардың қатарында қорғаушылар Егор Ткаченко мен Сұлтан Асқаров, сондай-ақ, шабуылшы Ян Труфанов бар. Әңгіме жалға беру келісімдерімен қатар, толыққанды трансфер туралы да болып отыр.

Аталған үш футболшы да өткен маусымда басқа командаларға жалға берілген. Асқаров қыста "Қайратқа" оралып, қаңтар айында командамен бірге оқу-жаттығу жиынын өткізді. Алайда бапкерлер штабы оның позициясында басқа ойыншыларға сенім артуды жөн көрген секілді, себебі Сұлтан екінші оқу-жаттығу жиынына шақырылмады.

Ткаченко мен Труфанов та алматылық клубтың негізгі құрамынан тыс қалып отыр. Екеуіне де Қазақстан Премьер-лигасының (ҚПЛ) бірнеше клубы қызығушылық танытуда. Қазір басты мәселе - бұл толыққанды трансфер бола ма, әлде қайтадан жалға беру нұсқасы таңдала ма деген сұрақ.

Айта кетейік, Ткаченко өткен маусымда "Елімай" клубында жалға ойнады, алайда, негізгі құрамда тұрақты ойын тәжірибесіне ие бола алмай, ҚПЛ-де бар-жоғы алты матчқа ғана қатысты. Ал Труфанов 2025 жылғы маусымды "Атырау" құрамында өткізіп, 23 матчта үш гол соқты.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport