Алматыдағы "Орталық" стадионда Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінің қарымта матчі өтті. Бұл кездесуде "Қайрат" словениялық "Олимпияны" 2:0 есебімен ұтып отыр, деп хабарлайды Vesti.kz.
Алматылықтар есепті 5-минутта ашты: Луиш Мата флангтан берген пасты Жоржиньо баспен қақпаның оң жақ бұрышына бағыттап, алғашқы голды соқты.
Көп ұзамай екінші гол да тіркелді: бұл жолы Жоржиньо ассистент рөлінде ойнап, Александр Мрынскийді қақпашымен жеке шығарды. Қорғаушы мүмкіндігін сабырлы пайдаланып, командасының басымдығын еселеді.
Vesti.kz, Алихан Сариев
Үзілістен кейін Рафаэль Уразбахтиннің шәкірттері есепті сақтауға баса назар аударды. Жорже Симау баптайтын команда допты көбірек иеленді (56 пайыз қарсы 44), бірақ, қауіпті сәттер жасай алмады.
Қорытынды статистика қонақтардың допты жақсы бақылағанын көрсеткенімен, нәтижелілік "Қайраттың" жағында болды: соққылар бойынша – 7:6, қақпаға тура соққы – 2:0, бұрыштамалар – 2:4.
Vesti.kz, Алихан Сариев
Еске салайық, алғашқы матч 8 шілде Люблянада өтіп, 1:1 есебімен тең аяқталған болатын. Осылайша, қос матч қорытындысы бойынша қазақстандық клуб келесі кезеңге жолдама алды (3:1).
Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде Рафаэль Уразбахтиннің командасы молдовалық "Милсами" мен Финляндияның КуПС клубы арасындағы жеңімпазбен кездеседі.