Алматының «Қайраты» жастар арасындағы УЕФА лигасының үшінші турында Кипрдің «Пафос» клубымен кездесті, деп хабарлайды Vesti.kz.
Қазақстандық клубтың жасөспірімдері қарсыластарынан 1:3 есебімен жеңіліп қалды.
Бірінші таймда кипрлік команда екі рет нәтижелі соққы жасап үлгерді. 8-минутта Феррер Терронес есеп ашса, 43-минутта команданың капитаны Георгиос Михаэл есепті еселеді.
«Қайрат» екінші таймның 51-минутында Абылай Төлеуханның голының арқасында есепті қысқартты. Алайда 82-минутта Марсело Алвес соңғы нүктені қойды — 3:1.
Осылайша алматылықтар биылғы маусымдағы үшінші жеңілісін тіркеді. Бұған дейін Жора Аратюнянның шәкірттері сырт алаңда португалиялық «Спортингке» (2:3) және өз алаңында мадридтік «Реалға» (1:4) жол берген болатын.
«Пафос» жастары алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Бұған дейін кипрлік команда сырт алаңда гректің «Олимпиакосынан» (0:4) және өз алаңында мюнхендік «Бавариядан» (0:3) ұтылған еді.