Футбол
10 маусым 2020 17:57

"Қайрат" жарты миллионға алған футболшыны еуропалық клуб керек қылмай отыр

Мартон Эппель мен Бернд Шторк. Сурет: "Серкль Брюгге" ФК©
Алматылық "Қайраттың" бұрынғы шабуылшысы Мартон Эппель жазғы маусым аралығында "Серкль Брюгге" сапынан кетеді. Клуб басшылығы 30 маусымда аяқталатын келісімшартты ұзартқысы келмейді, - деп хабарлайды Vesti.kz.


28 жастағы венгриялық легионер "Серкль Брюгге" командасына қаңтарда қосылған. Содан бері сегіз ойында бір гол салды. Мұның алдында бұл клубтан Қазақстан құрамасының экс-бапкері Бернд Шторк кетіп қалған, қазір ол словакиялық "Дак 1904" командасын жаттықтырады. 

Бельгияға дейін Эппель 2018-2019 жылдары "Қайратта" ойнады. Transfermarkt мәліметінше, футболшының "Гонвед" клубынан трансфері үшін алматылықтар 500 мың еуро берген. "Қайрат" үшін барлық турнирде форвард 50 матчте 25 гол салып, төрт нәтижелі пас берді. Былтырғы маусымда 16 голмен ҚПЛ-дегі үшінші бомбардир болды.

Отанында Эппель "Дунайварош", МТК, "Пакш" командаларында және нидерландтық НЕК клубында өнер көрсеткен.

Венгрия құрамасы үшін жеті ойын өткізді. Сонымен қоса, елдің жастар құрамасы сапында алты матчке қатысып, бір гол салған.