Алматылық "Қайраттың" белсенді жанкүйерлері – №51 сектор өкілдері Қазақстан премьер-лигасының алтыншы турындағы Қостанайдың "Тобылына" қарсы матчқа келмей қойды және клубқа бойкот жариялады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бойкот жариялаудың себебіЖанкүйерлер өз шешімдерін клуб басшылығының, әсіресе бас директордың, жанкүйерлер бастамаларын бірнеше рет елемеуімен түсіндірді. Сондай-ақ, 51-сектор өкілдері құқық қорғау органдары тарапынан жиі болатын қысым мен агрессияға шағымданды.
Олардың айтуынша, жанкүйерлер ұзақ уақыт бойы клубпен сындарлы диалог орнатуға тырысып, Алматыда фанаттық мәдениетті дамытуға бағытталған ұсыныстар жасаған. Олар бүкіл қала мақтан тұтатын атмосфера құруға ұмтылған. Алайда бұл бастамалардың барлығы талқылаусыз, түсініктемесіз кері қайтарылған.
"Біздің бойкот – бұл "Қайратқа" қол сілтеп, бет бұрып кету емес, бұл жанкүйерлік қауымдастыққа деген немқұрайлық пен құрметсіздікке қарсы наразылық. Біз сұрап тұрған жоқпыз, біз құрмет талап етеміз. "Қайрат" деген – ол біз, жанкүйерлер. Бұл клубтың жүрегі жанкүйерлер", – делінген жанкүйерлер мәлімдемесінде.
Жанкүйерлер ультиматумы51-сектор өкілдері стадионға қайта оралуға дайын екендерін айтты, бірақ, мынадай шарттар орындалған жағдайда ғана:
Полиция тарапынан жасалатын зорлық-зомбылық пен қорлауды тоқтату;
Алматыдағы жанкүйерлік қозғалысты дамытуға бағытталған бірлескен шараларды жүзеге асыру;
Барлық жанкүйерлердің стадионға кіру мәселесін шешу;
Жасөспірімдер командасы мен академия матчтарына кіруге қойылған шектеулерді алып тастау;
Әрбір жанкүйердің, соның ішінде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен абыройын қамтамасыз ету.
Айта кетейік, "Қайрат" 2025 жылғы КПЛ-дің 7 турынан кейін турнирлік кестесінде 17 ұпаймен бірінші орында тұр.