"Қайрат" футболшысы "Тобылмен" тең түскені үшін кінәні өзіне алып кешірім сұрады

Сурет: "Қайрат" ФК

"Қайрат" қорғаушысы Нұралы Әліп қостанайлық "Тобылға" қарсы ойында пенальтиді сәтті орындай алмағаны үшін кешірім сұрады. Футболшының сөзін алматылық клубтың ресми сайты беріп отыр. 

Командалар ҚПЛ-дің алтыншы тур матчінде тең түсіп отыр - 2:2. Алматыда өткен ойында "Қайрат" жеңіске жетуі мүмкін еді, алайда, Нұралы 11 метрден айып добын сала алмады. 

"Қарқынды матч болды, өкінішке қарай, жылдам гол өткізіп алдық, алайда, одан кейін ойын барысын толық өз бақылауымызға алдық. алаңда он ойыншы қалғанымызда да команда шабуылын жалғастыра берді. "Тобыл" өте жақсы қорғанды, біз қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. 

Кездесу соңында пенальтиді сәтті орындай алмағаным өкінішті. Біздің жеңісімізді қалаған барлық жанкүйерлерден кешірім сұраймын", - дейді футболшы.