Футбол
Бүгін 10:40

"Қайрат" Чемпиондар лигасындағы бірінші матчте жеңіске жетті

©Vesti.kz/Болат Айтмолда

Алматылық "Қайрат" Чемпиондар лигасының жаңа маусымын жеңіспен бастады. Қазақстан чемпионы бірінші іріктеу кезеңінің алғашқы матчында Черногорияның "Сутьеска" клубын 2:1 есебімен ұтты, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

Кездесу Алматыдағы Орталық стадионда өтіп, соңғы секундтарға дейін жанкүйерлерді тартысқа толы ойынмен қуантты.

Есептелмеген гол және үзіліске дейінгі нөлдер

Алаң иелері матчты белсенді бастап, бірінші таймның ортасында есеп ашқандай болған. Португалиялық шабуылшы Жоржиньо шабуылды сәтті аяқтап, қақпаны дәл көздеді.

Алайда төрешілер VAR көмегімен эпизодты қарап, офсайд тіркеп, голды есепке алған жоқ.

Осыдан кейін бірінші таймда есеп өзгермей, командалар үзіліске 0:0 нәтижесімен аттанды.

Жаңа ойыншылар жеңіске жол ашты

Екінші таймда алматылықтардың қысымы нәтижесін берді. 76-минутта бұрыштамадан кейін Исмаил Бекболат әуелеген доп үшін күресте жеңіп шығып, оны алыс бағанаға қарай бағыттады. Сол жерде жаңа маусым алдында командаға қосылған бразилиялық қорғаушы Лукас Африко допты қақпаға дәл бағыттап, есеп ашты.

Жеңіс голы қосымша уақытта соғылды

90-минутта черногориялықтар таразы басын теңестірді. Марко Мрвалевич өз мүмкіндігін мүлт жібермей, есепті 1:1-ге жеткізді.

Алайда соңғы сөз "Қайратта" қалды. Қосымша уақыттың 93-минутында Исмаил Бекболат матчтағы екінші нәтижелі пасын беріп, ал испаниялық шабуылшы Марк Гуаль жеңіс голын соқты. Осылайша, алматылық клуб 2:1 есебімен маңызды жеңіске қол жеткізді.

Барлығы қарымта матчта шешіледі

Осылайша, Қазақстан чемпионы қарымта ойын алдында аз ғана басымдыққа ие болды. Екі матчтың қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіне жолдама алады.

"Сутьеска" мен "Қайрат" арасындағы қарымта кездесу 16 шілдеде Черногорияда өтеді.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport