Футболдан 2025 жылғы Қазақстан премьер лигасы өз мәресіне жетті. Чемпиондық матчта “Қайрат” “Астанамен” тең түсті, деп хабарлайды Vesti.kz.
Алматының Орталық стадионында өткен матчта 1:1 есебі тіркелді. Ойында бірінші болып “Астана” ойыншысы Марин Томасов есеп ашты.
“Қайрат” сапынан 56-минутта Дастан Сатпаев есепті теңестірді. Бұл алматылық ұжымға чемпиондық атақ сыйлады.
Нәтижесінде алматылық ұжым ұпай бойынша көш басында қалып, өз тарихында бесінші мәрте чемпиондықты тойлады.
Осылайша алматылықтар келесі жылы да Чемпиондар лигасында өнер көрсетуге мүмкіндік алды.
Ал екінші орын алған "Астана" келесі маусымда Конференция лигасында сынға түседі.
Қола жүлдегер және Қазақстан кубогының иегері қостанайлық "Тобыл" келесі маусымда Еуропа лигасында өнер көрсетеді.
Ал семейлік "Елімай" ел намысын Конференция лигасында қорғайтын болады.
Жарнама