Хорватия құрамасы Катардағы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Жартылай финалда жеңіліп қалған Хорватия мен Марокко құрамалары қола медальді сарапқа салды. Ойын жылдам голмен басталды. 7-минутта Йошко Гвардиол хорваттарды алға шығарды. Бірақ екі минуттан соң африкалық құрама таразы басын теңестіріп тастады - Ашраф Дари баспен дәл соққы жасады.
Ал командалар үзіліске кетер тұста Мислав Оршич сол жақтан допты айналдыра теуіп, Хорватия құрамасының екінші голын салды.
Екінші таймда қауіпті шабуыл көп бола қоймады - барлық соққыны қақпашылар қайтара алды.
Осылайша, Хорватия құрамасы 2:1 есебімен жеңіп, тарихында екінші рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.