Франция құрамасы Қатардағы әлем чемпионатында қатарынан екінші ойында жеңіске жетті, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Доханың "Стэдиум 974" аренасында француздар Дания құрамасынан басым түсті. Бірінші таймда есеп ашылмаса, үзілістен кейін 45 мың жанкүйер үш голдың куәсі болды.
61-минутта Килиан Мбаппе Дешам командасын есепте алға шығарса, араға 7 минут салып Андреас Кристенсен таразы басын теңестіріп кетті. Ал негізгі уақыттың аяқталуына 4 минут қалғанда Мбаппе дубль авторы атанды.
Осы жеңісінен кейін Франция құрамасы D тобында 6 ұпаймен көш бастап плей-офф раундына шықты. Екінші турдан кейін Аустралия командасы 3 ұпаймен екінші орынға жайғасты. Дания мен Тунис бір-бір баллмен төменгі сатыларға орналасты.