Италиялық маман Карло Анчелотти Бразилия ұлттық құрамасының бас бапкері атанады, деп хабарлайды Vesti.kz.
65 жастағы бапкер Барзилия командасын 2026 жылғы әлем чемпионатына дейін жаттықтырады. Ол маусым айында өтетін Эквадор мен Парагвайға қарсы іріктеу матчтарында жұмысына кіріседі.
Қазіргі уақытта Бразилия құрамасы Оңтүстік Америка аймағындағы әлем чемпионатына іріктеуіндегі турнирлік кестеде төртінші орында тұр.
Бүгінде Анчелотти Мадридтің "Реал" клубының тізгінін ұстап отыр. Ол бұл қызметке 2021 жылы кіріскен. Бұған дейін де мадридтіктерді 2013 пен 2015 жылдар аралығында жаттықтырған болатын.
Анчелоттидің бапкерлік карьерасында Италияның "Реджана", "Парма", "Ювентус", "Милан", "Наполи" клубтарына жетекшілк еткен. Сондай-ақ, ол "Челси" (Англия), ПСЖ (Франция), "Бавария" (Германия), "Эвертон" (Англия) клубтарында жұмыс істеді.
Айта кетейік, бұған дейін Карло Анчелоттидің орнына "Реалдың" бас бапкері болып испаниялық Хаби Алонсо келуі мүмкін екені хабарланған. Қазіргі таңда ол Германияның "Байер" клубын жаттықтырып жүр.