Қарақшылар матч кезінде ПСЖ футболшыларының отбасын кепілде ұстаған

Сурет: Football.ua

Франция чемпионатының 29-шы турында "Нантпен" матч кезінде ПСЖ футболшылары Анхель Ди Мария мен Маркиньостың үйі тоналған. Бұл туралы франциялық БАҚ жазды. 

Футболшылардың отбасы қылмыс кезінде үйде болған және қарақшылар оларды кепілге алған көрінеді. Ал Ди Мария дәл осы себептен 62-ші минутта алаңнан кеткен. Футболшы ауыстырылмас бұрын ПСЖ-ның спорт директоры Леонардо бас бапкер Маурисио Почеттиноға қоңырау шалған екен. 

Полиция бұл іс бойынша тергеу бастады.

Мұның алдында тонаушылардан ПСЖ-ның өзге да ойыншылары - Тьяго Силва, Серхио Рико және тағы басқалар зардап шеккен.

Бұл ойында ПСЖ өз алаңында күтпеген жерден аутсайдерлердің бірі "Нант" командасынан 1:2 есебімен ұтылып қалды.